Павлодарлықтар сағаттап күткен автобусқа сыймай қалған

Павлодарда еңбек етіп жүргендерге үйге қайту нағыз сынаққа айналған. Сәйкесінше, бастапқы аялдамаға  баратындар саны артқан. Ашынған халық болған жәйтті бейнеге түсіріп әлеуметтік желіге жүктеген.

- Жүру интервалы өте қолайсыз. Мәселен, кеше 1,5 сағат күттім. 3 автобус ғана бар екен. Қалғаны сынып қалыпты-мыс, - дейді тұрғындардың бірі.

Адамдар ең болмағанда 25-30 минут сайын жүрсе деген наздарын білдіруде.

- Ленин кентіне 6 автобус жүруі тиіс. Қазір желіде бесеу. Оның себептері көп. Біріншіден бұл жүргізушілердің жетіспеушілігі. Олар автобусты жалға алады. Қазір дизель отыны біршама қымбаттап кетті. Мысалы, жүргізуші мен кондуктор күніне 50 мың тапса, оның 40-мыңға жуығы жанармайға кетеді. Қалған қаражат екі адамның жалақысына жұмсалады. Сондай-ақ, көліктеріміз жиі сынып жатады, - дейді №1 Автобус паркінің жолаушыларды тасымалдау қызметінің басшысы Сергей Тарасов.

Парк өкілдері дизельден бөлек, автобусқа қажетті құрал-жабдықтардың бағасы біршама өскендігін де атап өтті. Шағымдардың көбісі №38 және №44-ші бағыттарға қатысты. Сонымен қатар, өзге бағыттағы қоғамдық көліктердің қызметіне де наразылықтар бар.