Павлодарлықтар сот арқылы өз жертөлесіне қол жеткізді
Бектұров көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрғындары жертөле өз меншіктерінде екенін айтады. Кәсіпкер аумағы шамамен 500 шаршы метр болатын цокольдық бөлмені жалға алған, алайда тұрғындар үшін мұндай көршілік мәселеге айналды. Тұрғындардың сөзінше, кәсіпкер олардың келісімінсіз тұрғындарды жылу мен судан үнемі ажырата бастаған. Полиция мен әкімдікке шағымданған соң іс сотқа жетті.
-Ол біздің жертөлені босатпау үшін барлығын жасап жатыр. Бізді жылусыз, сусыз қалдырғысы келеді. Авария болса бейнеге түсір дейміз, ештеме түсірмейді. Суды күзетші немесе жалдаушы өзі жауып тастайды, - дейді Бектұров көшесіндегі №2/1 үйдің тұрғыны Людмила Пикалова.
Тұрғындар жылу маусымы кезеңі үшін алаңдайды. Олар соңғы жылдары коммуналдық жүйелерді дайындау жұмыстары мәселеге айналғанын айтады. Құбырларға қол жеткізу үшін учаскелік полиция инспекторының көмегіне жүгінуге тура келген. Қазір олар жертөленің толық босатылуын күтіп отыр. Сотта бұл шешімнің заңды күшіне енгені расталды.
- Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қатысуымен Ак. Бектұров, 2/1 мүлік меншік иелері бірлестігінің «С» жеке кәсіпкерлігіне қарсы жалдау шарттарын бұзу және жертөлені босату туралы талап арызы қанағаттандырылды. Сот алқасы цокольдық қабатты жалдау шартын бұзу туралы қаулы шығарды, - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Агидель Ибраева.
Тұрғындар жертөлені кәсіпкермен тағы бір қыс бөлісе алмайтындарын айтады. Ал оның орнына басқа келе ме ол жағы белгісіз. әзірге ашық күйінде қалып отыр.

