Павлодарлықтар жалғыз басты мүгедек көршілерінің тағдырына алаңдаулы
Гришаға не болды? Оны қашан үйге қайтарады? Көршілерін үш апта бойы осы сұрақ мазалауда. Айтуларынша Григорий - бала кезінен мүгедек. Қазір 39 жаста. Шөкин 89-да туып-өскен. Оны барлығы таниды. Ақкөңіл, тез сеніп қалатын бала дейді. Анасы баяғыда қайтыс болған. Әкесімен тұрыпты. Алайда наурыз айында ол да көз жұмады. Көршілері кезекпен тамақ беріп отырған. Кейін шенеуніктерге жүгінген. Нәтижесінде жетімді психдиспансерге алып кетіпті.
- Оны не үшін жатқызып тастағанын білмейміз? Одан ақымақ жасамақ па? Ол өзіне өзі қарай алатын, макулатура тапсырып күн сайын дүкенге, қоқыс төгуге баратын. Біз оны ауруханаға жатқызуға қарсымыз. Онда оған қаптатып дәрі беріп, ине салып тастайды ғой, - деді Ак.Шөкин көшесіндегі №89-үйдің тұрғыны Ольга Вихман.
Ақпараттың жоқтығы уайым дейді. Көршілері Гришамен кездесе алмайды, ары қарай тағдыры не болатыны да белгісіз. Ал ауруханада Григорийді 2000 жылы сот-психиатриялық сараптамасы қорытындысы бойынша ақыл-есі кем деп тапқан. Қамқоршысы әкесі қайтыс болғандықтан басқа керек. Қамқорлығына алатын ешкім жоқ. Сондықтан жігітті уақытша психикалық денсаулық орталығына орналастырған. Алайда ол емді қажет етпейді.
- Бала кезінен психиатрдың есебінде тұр. Жатқызуға келмейді, себебі психикалық ауытқышулығы асқынбаған. Дегенмен де ақыл-есі 4-7 жастағы баланікіндей. Ол өз міндеттерін орындай алмайды, зейнетақысын жұмсап, сауда жасап, пәтері үшін төлеуге қауқарсыз, - деді Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы психиатриялық қызмет жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Виктория Ефимова.
Егер туысқандардың ешқайсысы қамқорлығына алмаса, Григорийді психохрониктерге арналған мүгедектер үйіне жібереді. Ондай үш орталық бар. Мичуринде, Шалдайда және Константиновкада. Оған баруға болады дейді дәрігерлер. Қазір карантин болғандықтан әзірге ешкімді кіргізбейді.

