Павлодарлықтар жаңа үйдің сапасына наразы

Адамдар аязды күндері үй астындағы құбырлар қатып қалуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. Ладожская көшесіндегі №11-үй қолданысқа тамыз айында берілген. Тірнектеп қаражат жинап, жаңа баспанаға қол жеткізген кезде қуаныштарында шек болған жоқ. Алайда, жуырда жаңа үйде көптеген мәселелер пайда болған. Олардың ең ауқымдысы жертөлеге қатысты. Кәріз суы үй астында жиналып, жағымсыз иіс пәтерлерге кіреді екен.

- Жағымсыз иіс кіреберістен кетпейді. Соңғы қабаттарға дейін жетеді. Мұнда көшердің алдында осындай мәселелер болады деп ойлаған емеспіз. Барлық инстанцияларға хабарластық. Алайда, олар келіп тек суды сорып шығарады. Бірнеше күннен кейін су қайтадан келеді, - дейді тұрғындардың бірі.

Қала әкімдігі мәселенің бар екенін растады. Көпқабатты үйден тыс жатқан кәріз жүйесінде ақау анықталған.

- Ладожская көшесіндегі №11-үйдің жертөлесін кәріз суы басудың себебі сыртқы жүйенің бітеліп қалуынан пайда болды. 5-ші қараша күні «Коммунсервис» өкілдері құбырды тазалады. Кейін суды сорып шығарумен айналысты, - дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

Бүгінде жертөленің есіктері мен әйнектері ашық жатыр. Коммуналшылар алдағы уақытта мекенді толықтай кептіруге тырысатынын жеткізді.