Павлодарлықтар жылы аялдамалар санын арттыруды сұрайды

 

 

Баян Батыр көшесіндегі жылы аялдаманың құрылысы жалғасуда. Қолданысқа берілу мерзімі белгісіз. Химқалашық ауданының тұрғындары нысанның ашылуын асыға күтуде. Аязды күндері қоғамдық көлікті күту қиынға соғады деген ойларын айтты.

 

-Жылы аялдамалардың бірілері мүлдем істемейді. Қанша келсек те, ішіне кіріп тұра алмаймыз. 21-ші бағыттағы автобусты жарты сағат күтіп, қатып қаламын,-дейді қала тұрғындарының бірі.

 

Ал орталық базар және Шөкин көшесіндегі аялдамалар ашық тұр. Алайда, ондағы қыздыру құралдарының қуаттылығы ғимаратты жылытуға жетпейтін сияқты. Қала әкімдігінің ақпараты бойынша Павлодарда 5 жылы аялдама павильоны бар. Олардың үшеуі бизнес өкілдеріне жалға берілген.

 

-Торайғыров көшесі Конституция алаңы мен Естай көшесі бойындағы Квазар сауда үйі жанындағы аялдамалар Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің балансында. Қалған үш аялдама олардың жері уақытша өтеулі қысқа мерзімді пайдалануға берілген. Және олар жалға алушылардың балансында,-деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Жансерік Қапзолла.

 

Сондай-ақ, шенеуніктер ағымдағы жылы тағы 8 жылы аялдама павильонын орнатуды жоспарлайды. Қазір оларды орналастыру мекенжайлары анықталуда.