• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарлықтар: «Аязды күндер болса барлығы қатып қалады ғой»

Павлодарлықтар: «Аязды күндер болса барлығы қатып қалады ғой»

Бұл екі қабатты үй қолданысқа өткен ғасырдың 60-шы жылдары берілді. Қазір бұзылу кезегінде тұр. Ішінде 8 пәтер, олардың 6-уы бір кәріз жүйесіне қосылған. Жуырда құбыр жарылып, барлық лас су пәтерлерге кірген. Адамдар уақытша пластикалық жүйе орнатып, қалдық суды нөсер желісі арқылы өткізген. Аяз басталса, барлығы қатып қалады деп алаңдайды.

- Қазір апатты жағдайдамыз деуге болады. Үйімізді су баспас үшін уақытша құбырларды орнатып қойдық. Қалдықтар сол арқылы кіреберіс алдында жиналады. Аязды күндер болса барлығы қатып қалады ғой. Тек кіші дәретке баруымызға мәжбүрміз. Көмек сұраймыз, - деді Бекмаханұлы көшесіндегі №150-үйдің тұрғыны Төлеш Дакуов.

- Жоспар бойынша үйіміз бұзылу керек. Бүгін әкімдікке барып, өтініш жаздық. Кәріз жүйесі бізге тиесілі деді. Бұл үйдің 6 пәтері бір құбырға қосылған. Оны ауыстыруға қаражат жетпейді. Кіреберістен кірпішке басып шығып жүрміз. Тұрмыстық жағдайымыз қиын, - деді Бекмаханұлы көшесіндегі №150-үйдің тұрғыны Светлана Ичанкина.

Жергілікті тұрғындар өз қаражатымызға жүйені ауыстыра алмаймыз деуде. Құжаттық жүгірістен бөлек, жұмысшыларға жалақы және материалдар сатып алу қажет. 6 пәтерден ондай сомманы жинау қиынға соғады. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінде телефон арқылы мәселені зерттейтіндерін жеткізді. Сараптама қорытындысынан кейін қажет болған жағдайда кәріз жүйесін ауыстыруға көмектеседі.

 Авторы: Айтмұхамбет Айқожа.