Павлодарлықтар үй жануарларына арналған қорымға қарсы

Әуежай маңындағы жеке тұрғын үй құрылысы кенті жанында жануарлардың қорымы пайда болған.  Жергілікті тұрындардың айтуынша адамдар мұнда келіп өздерінің сүйікті төрт аяқтыларын көмеді, тіпті гүл шоқтарын қойып, басына жиі келіп тұрады екен. Бұл ауылдықтардың кейбіріне мүлдем ұнамайды. Айтуларынша бұл санитарлық талаптарға мүлдем сай емес. Ал кейбіреулері заңдастырылуы қажет деп санайды.

 

- Біз мына жерде тұрамыз. Бұл жарамайды. Ит деген, мысық деген оларға арнайы орын болуы керек қой, табиғатты бұзып жатыр олар. Мында балаларымыз ойнайды. Ол ит мысалы ауру шығар. Оны кім біледі оның құжаттары жоқ, - деді Нұрлыбек Бейсенов.

 

Ал панасыз жануарларға қамқор болып жүрген Мария Гребенкина төрт аяқтыларды көму үшін лайықты телім бөлінуі керек деп санайды. Тек солай ғана адамдардың қорғансыз жануарларға деген сезімін оятуға болады деген ойда.  

 

- Қалада үй жануарларын көмуге арналған орын болуы керек. Заңдастырылған арнайы телім бөлсе, жақсы болар еді. Сонда адамдар өздерінің сүйікті мысығы мен итін қоқысқа тастауы керек пе? Бұл адамдыққа жатпайды деп ойлаймын, - деді «Сердца Павлодара» қоғамдық қорының директоры Мария Гребенкина.

 

Ал қалалық әкімдікте бұл жер телімі ешкімге рәсімделмегенін жеткізді. Сәйкесінше адамдар онда төртаяқтыларды рұқсатсыз өз бетімен көмген.

 

- Павлодар қаласы әкімдігі аталмыш қорымды заңдастыру мәселесін қарастыратын болады. Қабылданған шешім нәтижесі кейін хабарланады, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Дегенмен де мұндағы төмпешіктер саны күн санап артуда. Кейбірінің басында тіпті дүниеге келген және жерленген күні, суреті салынған мәрмар тастар орнатылған.