Павлодарлықтар үй жануарларына чип салуды қолға алуда

 

 

Павлодар облысында жануарларды есепке алу жөніндегі «ТАNBA» ақпараттық сервисі жұмыс істейді. Оның негізінде иелері өз үй жануарларына арнайы чип салуға міндетті. Сәйкесінше жануарларды ауыстыру жағдайлары жоққа шығарылады, құтыруға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егілмегендерін тасымалдау мүмкін болмайды, сонымен қатар жануарды иеленуге қатысты дау туындаған кезде шешуші дәлел пайда болмақ. Павлодарлық жануарлар клиникаларында чиптер қазірден қойылуда. Қызмет құны 4500 теңге көлемінде. Ирина Ковалева бастаманы құптап отыр.

 

-Өз қамқорлығына алған жануарларды далаға тастайтындарды адам емес деп есептеймін. Қаншама ит пен мысық қаңғырып жүр. Ойыншық емес қой, тастай салатын. Бала сияқты жануарды тастағанды түсінбеймін,-дейді қала тұрғыны.

 

Чип дербес 15 мәнді цифрлық кодтан тұрады, ал жануар мен оның иесі туралы ақпаратты сақтау үшін чиптелгендердің электрондық дерекқоры пайдаланылады.

 

-Жануарларды есептеу үшін чип қойылып, олар ақпараттық жүйеге тіркеледі. Ол жерге мекенжайы, тіркеуі, жынысы, екпе жасалуы сияқты мәліметтер жазылады. Жеке нөмірі де болады. Жануар жоғалып кетсе, тез анықтап, иесімен байналысқа шығу амалы да ойластырылған,-деді Павлодар облысы ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ғалым Бейсенов.

 

Негізінен чип салу науқаны 1 қыркүйектен басталады. Павлодар облысында аталмыш шараға 55 миллион теңге бөлініп отыр. Айту керек, қаңғыбас иттердің тақырыбын жақында ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтеріп, шара қолдануға шақырған еді.