• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарлықтардан биыл ағаш бұтақтарын кесуге қатысты мыңнан астам өтініш келіп түскен

Павлодарлықтардан биыл ағаш бұтақтарын кесуге қатысты мыңнан астам өтініш келіп түскен

 

Коммуналшылар қарқынды жұмысқа көшкен дейді irbistv.kz тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

 

Екатерина Ивановна Қамзин көшесіндегі №14-ші үйде 20-жылдан аса тұрып келеді. Биыл аулада ағаш бұтақтарын кесу шарасы өтті. Алайда, көпқабаттының артқы жағындағы желектерге мердігерлік ұйым назар аудармаған. Салдарынан өсіп кеткен бұтақтар жатын бөлменің терезесін соғып, зейнеткерге ұйқы бермеген.

 

- Жел болғанда ағаш бұтақтары тереземді соғады. Оны сындырып тастайды деген қорқыныш бар. Түні бойы сол ағаштың менің әйнегімді соғып жатқан дауысынан ұйықтай алмаймын. ПИК-ке хабарластым, олар ешқандай шара қолданбады. Мен жүре алмаймын. Жауапты бөлімге бару маған үлкен сынақ. Сол үшін сіздер арқылы мәселеге назар аудартқым келеді,-деді Қамзин көшесіндегі №14-үйдің тұрғыны Екатерина Берюкова.

 

Бұл мәселеге тілшілер араласқаннан кейін аталмыш мекенжайға мердігерлік ұйым өкілдері барып, терезені соғатын ағаштың бұтақтарын кесіп тастады. Жалпы жыл басынан әкімдікке 1115 өтініш келіп түскен. 936 мекенжайда санитарлық тазалық жұмыстары орындалды.

 

- Ағымдағы жылы ағаштардың санитарлық тазалығымен 3 мердігерлік ұйым айналысуда. Өтініштер 109-колл орталығы, әлеуметтік желілер және бөлімге тікелей келіп түсуде. Бүгінге дейін 936 өтініш бойынша жұмыстар аяқталды. Санитарлық тазалық көктемнің алғашқы жылы күндерінен басталады,-деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Айнұр Садвокасова.

 

Әкімдікте жазда желектер бүршік жарған сәттен бұл жұмыстар тоқтатылады деп айтты. Барлығы экологтердің бақылауымен жүзеге асырылады. Ал күзде санитарлық тазалық жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады.