• Басты бет
  • Қоғам
  • Президент Жолдауы: жастар – ел дамуының белсенді қатысушысы

Президент Жолдауы: жастар – ел дамуының белсенді қатысушысы

«Bir Tolqynda» диалог алаңы аясында «Әділет» партиясы Павлодар облыстық филиалында филиал басшылығының жастар қанаты белсенділерімен кездесуі өтті. Жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының негізгі бағыттары түсіндіріліп, ел мен өңірдің даму перспективалары және жастардың осы үдерістегі рөлі талқыланды. Филиал төрағасының орынбасары Николай Дычко тұрақтылықты сақтаумен қатар, экономикалық өсуді қамтамасыз ету, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және белгіленген міндеттерді жүйелі жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.

Кездесуде Павлодар облысының көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, жол инфрақұрылымын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар энергетика мен өнеркәсіпті дамыту, Екібастұз ГРЭС-2 станциясының қуатын арттыру, жаңа энергетикалық нысандар мен деректерді өңдеу орталықтарын құру, табиғи ресурстарды терең өңдеу және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағыттары сөз болды.

Николай Дычко жастардың ел болашағын қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтіп, білікті маман даярлау мен кәсіби дамудың қажеттілігіне тоқталды. Оның айтуынша, жастар еңбек нарығының сұранысын ескеріп, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы керек. Сондай-ақ жас кәсіпкерлерге «Даму» қорының бағдарламалары, мемлекеттік гранттар, «Ауыл аманаты» бастамасы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кеңес беру мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Ашық диалог барысында жастар Президент Жолдауын іске асырудағы азаматтардың рөлі, өңірдегі алдағы өзгерістер және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жөнінде сұрақтар қойды. Кездесуді қорытындылаған Николай Дычко Жолдаудағы міндеттердің орындалуы мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтті. Ол жастарды ел дамуына белсенді үлес қосып, білімін жетілдіруге және кәсіби тұрғыдан өсуге шақырды.