Пәтерлерді жөндеу

Алпауыт өкілдері Екібастұз қаласындағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тұрғындардың пәтерлерін жөндеуге кірісті. Баспаналардың еден жабынын қалпына келтіру, қабырғаларды тегістеу және тұсқағаздарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

 

Иманхапузум Жұмагелдин Сәтпаев көшесіндегі №8/6-үйде тұрады. Төтенше жағдай кезінде оның пәтеріндегі батареялар жарылған болатын. Құбырлардан атқылаған су баспананың қабырғаларын және еденін зақымдаған. Ер адам келтірілген залалды өтеу бойынша өтініш жазды. Көмекке бірден «Екібастұзжылуэнерго» мамандары келді.

 

- Үйдің ішінде обойлар түсіп қалған. Линолеумдарымыз бұзылып қалған. Соның бүкілін жылдам тезірек қалпына келтіріп отыр шамалары келгенше. Өзі көңілім толып отыр. Жақсы істеп жатыр. Қабырғаларын тартып, шама келгенше істеп жатыр. Кеше каталогпен келді, көрсетті, таңдадым, обойды таңдадым линолеумды таңдадым, - деді Екібастұз қаласы Сәтпаев көшесіндегі №8/6-үйдің тұрғыны Иманхапузум Жұмагелдин.

 

Мердігер Екібастұздық жылу берушінің есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс мамандары қажетті материалдармен жабдықталған. Олар ең алдымен баспананы кептірумен айналысады. Кейін еден және ескі тұсқағаздарды демонтаждайды.

 

- «Екібастұзжылуэнерго» бізге тізім ұсынды. Біз бірінші кезекте көп зақым келтірілген мекенжайларға барамыз. Жұмыстардың көлемін есептеп, бірден кірісеміз. Барлық пәтерлерде еуро жөндеу жасаймыз. Баспана иелеріне тұсқағаздардың каталогын ұсынамыз, олар өз таңдауын жасап, келісімге келеміз. Линолеумды да таңдай алады, - деді «Лидер Декор» ЖШС директоры Кенжал Турынбетов.

 

Соңғы ақпаратқа сәйкес, екібастұздықтардан келтірілген залалды өтеу бойынша 900-ге жуық өтініш келіп түсті. Бүгінде алпауыт мамандары 53 пәтерді жөндеуге кірісті. Қазір олардың 38-і бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Бұған қарамастан, қалпына келтіру бойынша өтініштер келіп түсуде. Құрылған комиссия өкілдері ақауларды анықтаумен және оларды ретке келтірумен айналысуда.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.