• Басты бет
  • Қоғам
  • Республика күніне орай бірқатар азаматтарға бір реттік төлем беріледі

Республика күніне орай бірқатар азаматтарға бір реттік төлем беріледі

 

 

Елімізде әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету шаралары жүзеге асырылуда. Осы орайда, Павлодар қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бір реттік әлеуметтік көмек тағайындалды деп хабарлайды irbistv.kz. Бұл көмек бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға беріледі.

 

Павлодар қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілуде. Қалалық бюджеттен бөлінген 170 миллион теңге көлеміндегі қаржыға сәйкес, жалпы саны 9 000-ға жуық адам бұл қолдауға ие болады. Әр алушыға берілетін әлеуметтік көмек мөлшері – 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 19 660 теңге.

-Республика күніне арналған әлеуметтік қолдау аясында біз 1, 2 топтағы мүгедектерге және 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға бір реттік материалдық көмек көрсетіп жатырмыз. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Қазіргі таңда төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы автоматты түрде тағайындалып, алушылардың есепшотына аударылып жатыр, - деп хабарлайды Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі Наскен Акаева.

 

Төлемдер 25 қазанға дейін толық көлемде жүзеге асырылады. Ол ешқандай өтінішсіз, автоматты түрде тағайындалады. Қала тұрғындары қаражатты өздеріне тіркелген банк есепшоттары арқылы ала алады.

 

Бекбол Мырзахан

фото: Freepik.com