Рождественка ауылындағы жапа шеккендерге 100 мың теңгеден берді
Елена Гирш отбасымен бұл үйді өткен жылдың күзінде сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жақын арада қоныс тойын тойлаймыз деп қуанып жүргенде көктемгі су тасқыны басқа да ауылдастарымен қатар оның да үйін су басты. Қазір өз күштерімен жасаған жөндеу жарамсыз болып қалды.
-Барлығын қайта жасауға тура келді. Еденді қайта құйдық, түсқағазды жұлып тастадық, үйдің ішін кептіру қажет. Осындай қаржылай көмекпен барлығын қалпына келтіреміз деген үміттеміз,- дейді ождественка ауылының тұрғыны Елена Гирш.
Рожественка ауылында су тасқыны кезінде барлығы 24 үй зардап шеккен. Тағы біреуі Тереңкөл ауданының Калиновка ауылында. Оларға Қызыл ай қоғамы өкілдері Болат Өтемұратовтың қорымен бірлескен жоба аясында «Көмек карталарын» таратты. Онда әрбір отбасы мүшесіне 100 000 теңге қарастырылған.
-Бұл карточкалармен Павлодар облысының кез келген дүкендерінен азық-түлік, киім, құрылыс материалдарын сатып алуға болады. Тек алкоголь мен темекі сатылмайды. Және бұл картадан басқа карталарға ақша аударуға болмайды,- дейді «Қызыл ай» қоғамы облыстық филиалының еріктісі Дана Терембаева.
Жалпы «Көмек картасын» 86 адам алды. Бұған барлығы 8 миллион 600 мың теңге бөлінген.
Авторы:Арнагүл Исабекова