• Басты бет
  • Қоғам
  • Сарыарқа мөлтек ауданының тұрғындары ескі екі қабатты үйді бұзуды талап етуде

Сарыарқа мөлтек ауданының тұрғындары ескі екі қабатты үйді бұзуды талап етуде

Павлов көшесіндегі ескі үйдің тұрғындары екі жыл бұрын қоныс аударған. Жуырда ғимарат өртке оранып үлгерді. Салдарынан шатыры жанып кетіп, қабырғасы қисайып тұр. Бірнеше метр жерде балалар алаңы орналасқан. Адамдар жеткіншектердің қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.

-Бұл ескі үй апаттық жағдайда. Екінші қабаттағы қабырға қисайып, біреудің үстіне құлауы мүмкін. Балалар онда барып, тығылмақ ойнайды. Әрдайым ескерту жасаймыз, бармаңдар деп. Бұл үйді бұзу қажет,-дейді Павлов көшесіндегі №111/2-үйдің тұрғыны Алма Дұрмағамбетова.

-Бұл ғимаратты қысқа уақытта бұзып, орнына балалар алаңын орнату керек немесе баскетбол және басқа бір алаң. Ересек балалардың ойнайтын жері жоқ. Мәселеге назар аударуды сұраймыз,-дейді өзге тұрғын Валерий Шленцкий.

 

Сарыарқа ауданында ескі бірнеше үй қалды. Шенеуніктер оларды бұзуды жоспарлап отыр. Алайда, орнына не орнату керектігін ғимарат жойылғаннан кейін шешеді.

-Павлодар қаласының әкімдігі ескі үйлерді бұзу жұмыстарын кезеңмен жүргізеді. Ломов 158/1 ғимараты да тізімде бар. Оны ағымдағы жылдың 15-ші шілдесіне дейін жоюға тырысамыз,-деп мәлімдеді Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова.

Сол себепті жергілікті тұрғындарға күтуге тура келеді. Шенеуніктер ескі үйлерді бұзудың арқасында нүктелік құрылыс мәселесі шешіледі деген ойда.