• Басты бет
  • Қоғам
  • Саңырау павлодарлық құлағы естімейтін танысын зорлағаны үшін сотталды

Саңырау павлодарлық құлағы естімейтін танысын зорлағаны үшін сотталды

Оқиға 2020 жылы шілде айында орын алған. Бір-бірімен жақсы таныс керең-мылқау жастар бірге отырып ішімдік ішкен. Кейін айыпталушы бір қызбен жыныстық қатынасқа түсуді шешкен. Адвокат ешқандай зорлау болмағанын, барлығы әйелдің келісімімен жасалғанын айтады. Сөзіне қарағанда қорғалушысынан жапа шегуші жақ ақша талап еткен. Жігіттің анасы 3 миллион теңгені тауып бере алмаймын десек керек. Сондықтан олар сотқа жүгініпті. Жыныстық қатынастан соң үш сағаттан кейін қыз үшінші қабаттағы терезеден құлап кеткен. Айыпталушының қорғаушысы әйелдің есік жабық болғандықтан, терезе жанындағы ағаш арқылы жерге түсем деп құлағанын айтады. Дегенмен дәл осы дерек айып тағуға себеп болды. Тергеу нұсқасы бойынша жапа шегуші құламаған, қорыққаннан секіріп кеткен. Нәтижесінде ер адамды темір торға қамады.  

 

- Заң бойынша істің мән-жайы жарияланбайтындықтан іс жабық сот отырысында қаралды. Сот үкімімен бұрын сотталмағанын және мүгедек екенін ескеріп 12 жылға темір торға қамады. Қорғаушы сот үкіміне қайта шағым түсірді, - дейді Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Агидель Ибраева.

 

Қорғаушының айтуынша бірінші сот инстанциясы көптеген маңызды сәттерді ескермеген. Сол себептен істі қайта қарауды талап етеді. Ал жапа шегуші тарап түсініктеме беруден бас тартты.  

 

Авторы: Бибінұр Хамитқызы