Сенбіліктен кейінгі қоқыстарды кім шығарады?
Нұркин, 70 мекенжайының тұрғындары аулаларында осындай 20-ға жуық үйіндіні санап үлгерді. Олар мұнда 2 аптадан аса жатыр. Адамдардың айтуынша, тазалық жұмыстарын коммуналшылар орындаған. Алайда, жүк көлігімен әкетуді ұмытқан тәрізді.
- Біз коммуналшыларға және 109-колл орталығына күніне екі реттен хабарласамыз. Бұл қоқысты қашан алып кетесіңдер деп. Екі апта болды. Ешкім жинағысы келмейді. Жел салдарынан сенбілікке шыққан жұмысымыздың нәтижесі далаға кетті. Барлық қоқыс ұшып жүр, - деді Қабдеш Нұркин көшесіндегі №70-үйдің тұрғыны Зоя Матуренко.
- Барлығымыз бірлесіп, екі рет сенбілік шарасына шықтық. Мұнда осындай 20-ға жуық кішігірім үйінділер бар. Қоқысты жинаған адамдар уақытында әкетпеген. Барлығы қайтадан ластанып қалды, - деді Қабдеш Нұркин көшесіндегі №70-үйдің тұрғыны Владимир Галимов.
Жел салдарынан ауламыз қоқыс алаңына айналды дейді тұрғындар. Қала әкімдігінде мәселеге жауап берді.
- Нұркин көшесіндегі №70-үй тұрғындарының шағымы бойынша, жиналған үйінділер алдағы уақытта коммуналдық қызметкерлердің көмегімен шығарылады. Сондай-ақ, арнайы техникалардың бірлігі жұмылдырылады, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.
Коммуналшылар бүгін, екі апта бұрын бастаған жұмыстарын соңына дейін аяқтады. Барлық қоқыс үйінділері техниканың көмегімен полигонға шығарылды. Қазір жергілікті тұрғындар келесі сенбілікке дайындалуда.

