• Басты бет
  • Қоғам
  • Шілде айында әйелін ұрған ер адамдарға қатысты жаза күшейтілмек

Шілде айында әйелін ұрған ер адамдарға қатысты жаза күшейтілмек

Тұрмыстық зорлық заман індеттерінің біріне айналғаны хақ. Зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал тәртіп сақшылары келгеннен кейін агрессорларға қарсы арыз жазудан бас тартады. Сол себепті шілденің 1-нен бастап арызсыз әкімшілік іс қозғауға шешім қабылданды. Жаза бірқатар санат бойынша күшейтілмек. Қорғау нұсқамасын бұзу бабы бойынша бұрынғыдай ескерту жасалмайды.

 

-Бұрын олар сотқа дейін арыз жазып, сотта бір-бірімен татуласып жатса, қазір бір-ақ рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Одан кейін, қамауға 5 тәулікке дейін жаза берілсе, сот 1-2 күн берсе, қазір нақты 5-10 күнге дейін, 15-20 күнге дейін шара қолданылуы мүмкін. Және де 461-бап бойынша ескерту жасалатын, қазір ескерту деген болмайды,-деді Павлодар облысының полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

 

Қылмыстық кодекс бойынша өзгертулер мамыр айынан күшіне енді. Осының арқасында қылмысты шағын ауырлықтан орташа ауырлыққа ауыстыруға және қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу түріндегі санкцияны қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік бар. Қоғамшылдар өзгертулерді құптап отыр.

 

- Әлеуметтік осал отбасыларда ғана емес, жағдайы бар жанұяларда да зорлық зомбылық бар. Ол жерде агрессор ақша табады, отбасыға жағдай жасайды деп, әйелдер өзінің тәуелділігін сезініп, соққы мен қысымға көніп жүре береді. Кейін балаларына қауіп төнгенде ғана әрекет ете бастайды. Бұл жағдайда татуласуға тек бір мүмкіндік берілуі, жазаның біраз болса күшейтілуін жөн деп санаймыз,-деп жеткізді «Жалғыз басты аналарды қолдау орталығы» ҚҚ-ың жетекшісі Манзура Жәкетаева.

 

Айту керек, жыл басынан бері отбасылық жанжалшыларға қатысты Павлодар облысында 2312 ұйғарым шығарылған еді. Тіпті, 4 айдың өзінде өңірімізде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 31 қылмыс тіркелді.