Тамақтану сапасы: Павлодарда мектеп асханаларын жалға алған кәсіпкерлер жауапқа тартылды
Тамақтану сапасына №39 және Әуезов атындағы мектеп оқушыларының ата-аналары шағымданған. Жалға алушыларға 400 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл ретте, мектептерде арнайы комиссиялар жұмыс істейді, ал олардың құрамына ата-аналар да кіреді. Осы орайда депутаттар білім мекемелеріне ескертусіз кіріп, тексере алады. Одан бөлек тамақты бақылайтын ведомствоаралық сарапшылар тобы бар. 2-тоқсанда оқу орындарының шамамен 25%-ы қамтылады деп жоспарлануда.
-Барлық ата-аналар кез-келген уақытта мектепке келіп асхананың тыныс-тіршілігімен таныса алады. Ол үшін директорды немесе директордың орынбасарын шақырып, кейін асханасына кіреді. Тағамдардың сапасын бақылауға тыйым салынбаған,-деді Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдралин.
Павлодардағы мектептерде 19 жалға алушы балаларды ыстық тамақпен қамтып отыр. Бірнеше өтініштер мен айыппұл санкциялары бойынша келісімшарт ұзартылмайды. Соңғы шешімді тек санэпидбақылау департаменті қабылдайды. Бұл ретте, 20 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары мен 3 мыңнан астам аз қамтылған отбасынан шыққан балалар тегін тамақтанады. Бір балаға орташа есеппен 450 теңге, аз қамтылғандарға 650 теңге қарастырылған.