Ткачев көшесіндегі 17-үйдің тұрғындары: «Су қорын көп қылып жинап алыңыздар дейді»
Ткачев көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары ауладағы желінің жыл басталысымен бірнеше мәрте қазылғанын айтты. Жаңа ақауды ретке келтіру үшін мамандар су сорғыту жұмысын жасап жатыр. Ал адамдар жағдайдың жиі қайталанатынынан мезі болыпты.
- Су желілерінің ақауы осы жылы жиілеп кетті. Көктемнен бері қиналып келеміз. Бір аумақты ғана қайта-қайта қаза береді. Міне соңғы 3 күн бойы сусыз отырдық. Суды қосқанымен қай уақытта өшіретінін білмейміз, - деді Ткачев көшесіндегі №17-үйдің тұрғыны Людмила Смирнова.
Павлодар-Водоканал аталмыш мекенжай тұрғындарына ауыз суды арнайы көлікпен әкелген. Сондай-ақ, үй қосылғанда барынша артық сумен қорланып алыңыздар депті. Алайда, қараша халық тұрмыстық қажеттілікке мұның бәрі жеткіліксіз екенін айтуда. Қазіргі жөндеудің қашан бітетіні тұрғындарға беймәлім. Жағдай тұрақталғанша амалдауға мәжбүрміз дейді. Ал Павлодар-Водоканал өкілдері арнамыз жолдаған ресми сауалға әлі жауап қайтармады.
