• Басты бет
  • Қоғам
  • Трамвайды күтіп көліктің астында қалу қауіпі зор: Павлодар тұрғындары аялдамаларға шағымдануда

Трамвайды күтіп көліктің астында қалу қауіпі зор: Павлодар тұрғындары аялдамаларға шағымдануда

Павлодардың бірнеше аялдамасы жолдың дәл қасында орналасқан. Жуырда кейбір тұрғындар тіпті қазба жұмыстары жүріп жатқан жердегі шұңқырға құлаған. Әлеуметтік желіде тараған бейнеде аялдамада тұрған адам шұңқырға түсіп кетіп, басқалары оны шығаруға көмектескен. Бүгінде Мәшһүр Жүсіп – Лермонтов қиылысындағы қазба жұмыстары қоршауға алынғанымен қоғамдық көлікті күту орны тым тар. Мәселеге қатысты адамдар өз ойларын айтты.

 

-Қоршау жасаса жақсы болар еді. Кешкі мезетте құлап қала жаздадым. Шара қолдану керек. Жолдың дәл қасында тұрағаны қауіпті. Қарбаласта көліктер өтіп жатқанда, трамвайға мініп-түсу қорқынышты,-дейді қала тұрғындары.

 

Мәшһүр Жүсіп – Торайғыров қиылысында орналасқан трамвай аялдамасы ең қауіптілердің бірі болып табылады. Себебі вагоннан шыға салысымен бірден жолдың бойына тап боласын. Ал трамвай рельстері мен жолдың қашықтығы бір метрден аз аралықты құрайды.

 

-Мәшһүр Жүсіп – Торайғыров және Мәшһүр Жүсіп - Лермонтов қиылыстарында орналасқан аялдамаларға павильон орнату техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Алайда, ТҮКШ бөлімі онда қоршау орнату мәселесін шешуге тырысады, -деп жеткізді Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Тығыз орынға қоршау орнату мақұлданған жағдайда жұмыстар бірден басталады. Ал толыққанды павильон құрастыру үшін көше енін ұлғайту қажет.