Төрт жастағы павлодарлық бүлдіршінге көмек керек
Данияның болашаққа деген арманы көп. Ойнағанды, билегенді ұнатады, жүзумен де айналысады. Балабақшадағы мерекелік шараларға қуана қатысып, TikTok желісіне бейнероликтер түсіргенді жақсы көреді. Алайда осы балалық шаттықтың артында денсаулығы үшін ауыр күрес жатыр. Бүлдіршіннің мүгедектігі бар. Жеті айлығында оған көздің тор қабығының қатерлі ісігі – ретинобластома диагнозы қойылған. Бір көзі мүлде көрмейді. Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында бірнеше жыл бойы ем қабылдағанымен, нәтиже болмаған. Керісінше, ісік жылдам өсе бастаған. Дәрігерлер қатерлі дерттің миға таралуы мүмкін екенін ескертеді.
-Бала бәрін сезеді. Басы ауыратынын айтады, неге көзім басқалардікіндей емес деп сұрайды. Өйткені көзі самай тұсына қарай ауытқып кеткен. Қазір бізді ең қатты алаңдататыны баланың бас ауруына шағымдануы. Бұл біз үшін өте қауіпті. Қатты қорқып отырмыз. Сондықтан шұғыл түрде Швейцарияға барып, ем алуды қалаймыз, - дейді Данияның анасы Махаббат Мурзатаева.
Қазақстандық дәрігерлер зақымданған көзді алып тастауды ұсынып отыр. Алайда ата-анасы оны сақтап қалуға үмітті. Павлодарда дәл осындай диагнозбен бетпе-бет келген отбасының кеңесімен олар Швейцариядағы Жюль-Гонен клиникасына хабарласқан. Ондағы емнің құны – 55 миллион теңге. Бұл сомаға жол мен жатын орын шығыны кірмейді. Әзірге туыстары, достары мен әріптестерінің көмегімен 15 миллион теңге жиналған.
-Дания өте белсенді, көңілді қыз. Оның жанарынан өмірге деген үмітті көремін. Болашақта әлі талай жетістікке жететініне сенемін. Біз үшін кез келген көмек маңызды. Ол ақпараттық та, қаржылай да болуы мүмкін. Ірі ұйымдар мен мекемелерден де қолдау сұраймыз. Мүмкін, үндеуімізді естіп, қол ұшын созатын жандар табылар, - дейді анасы.
Визалар дайын. Жексенбі күні Дания ата-анасымен бірге тексерілу үшін Швейцарияға аттанады. Отбасы интернетте қаражат жинау науқанын бастап, барша жанашыр азаматтан қолдау көрсетуді сұрайды.

