Заря ауылының тұрғындары ауыз сусыз қалды

Сәуле Жалбырова Заря ауылында 15 жыл тұрып келеді. Айтуынша бұл жерде ауыз су ешқашан болған емес. Тұрғындар кешенді блок модульден, сүзгіден өткен суды қолданған. Бір фляга 80 теңге. Ал тұрмыстық қажеттіліктер үшін үйлерінің қасында жеке ұңғымаларын жасаған. Дегенмен 2020 жылдың желтоқсан айында ауыл орталықтандырылған су құбырына қосылды.

 

- Қаңтарды ортасына жеттік, су әлі жоқ. Қатып жатыр. Кешенді блок модульді жауып тастады, енді ауыз суды қайдан аламыз? Торсық, фляга тасуға мәжбүрміз. Артығымен алып қойған суды ішіп жүрміз. Тұрмыстық қажеттілікке тұщы суды аламыз, ол ішуге жарамайды , - деді Заря ауылының тұрғыны Сәуле Жалбырова.

 

Ауыз судың кір екендігін тұрғындардың барлығы айтуда. Сондай-ақ белгісіз бір иісі мен тұздың дәмі де бар көрінеді. Валентина Скворцова шәй ішу үшін суды плитаның үстінде, кейін қосымша термопотта қыздыруға мәжбүрмін дейді. Соңғы бір айдың ішінде ауыл тұрғыны шәйнегін 3-ші рет ауыстырып отыр. Айтуынша, бұндай суға адам ағзасы түгілі, тұрмыстық техниканың өзі шыдас бермеуде.

 

- Басында су сапасы жаман емес еді. Біраз ағызып алып, құмнан құтылу үшін, 3 сағаттай күту қажет болды. Сосын тазарған сияқты болып көрінді, дегенмен, біржарым аптадан кейін қайтадан басталды. Мүлдем лас су аға бастады, - деді Заря тұрғыны.

 

- Су қолданысқа жарамды болды. Жаңа жыл кезінде, қаңтардың басында бағдарлама істен шықты. Мердігерлер келіп, жөндеді. Қазір біраз күту керек, 2-3 күннен кейін орнына келеді. Жүйе қалыпты жұмыс жасауда, - деді «Ауыл-Су» МКК директоры Нұрболат Сағындықов.

 

Нысан әлі кепілде тұр. Заря ауылында 300 тұрғын үй мен 198 инженерлік құдық бар, оның 8-і суықтан қатып қалған. Оған қосылған 26 абонентке су құбыр жылытылғаннан кейін ғана беріледі.