• Басты бет
  • Қоғам
  • Затон ауданында бірқатар үйдің тұрғындары бейсенбіден бастап сусыз отыр

Затон ауданында бірқатар үйдің тұрғындары бейсенбіден бастап сусыз отыр

Қазіргі таңда оннан астам үй бір тамшы сусыз отыр. Тұрғындар бәрі бір-біріне сілтеп мәселені шешуге асығар емес дейді. Айтуларынша тіпті суды жеткізу де ұйымдастырылмаған. Ал жақын жердегі құдық 1 шақырым жерде. 

 

- Төртінші күн бізде су жоқ. «Горводоканал»-ға хабарлассақ, олар біздің балансымызда жоқ, біз әкімдікке бергенбіз дейді. Әкімедікте басында шешеміз деген, одан кейін жүйе иесіз деді. Қарапайым ішетін су жоқ үйде. 21 ғасыр дейді ғой, ішетін су болмаған соң енді білмеймін мен. Уақытша суды 19 литр бутылкамен сатып алып жатырмыз, - деді Генерал Дүйсенов көшесіндегі №306/1-үйдің тұрғыны Жасұлан Сабиров.

 

Тұрғындар жүйелердің қалай иесіз қалғанын түсінбейді. Себебі жаңа салынған үйлер суға қосылу үшін алпауытқа ақша төлеген, қолдарында мұны растайтын құжаттары да бар. Бұл ретте әкімдіктегілер алпауыт бүгін жөндеу жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.

 

- Павел Васильев-Генерал Дүйсенов көшелерінің қиылысындағы диаметрі 200 мм су құбырында ақау анықталды. Қазіргі уақытта ақау орын алған жерде «Павлодар-Водоканал» ЖШС авариялық бригадасы жұмыс істеуде. Жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Гагарин көшесі 8, 10 және Генерал Дүйсенов көшесі 304 тұрғын үйлері уақытша судан ажыратылды, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің өкілі Жансерік Қапзолла.

 

Әкімдіктегілердің айтуынша тіршілік көзі бұл үйлерде бүгін кешке дейін пайда болады. Алдағы уақытта жүйелерге кім жауап беретіні жөндеу жұмыстарынан соң шешіледі. Себебі құбырлардың тозығы жеткендіктен жағдайдың қайталанбайтынына кепіл жоқ.