Жаяу жолдарды неге бірден тазаламайды?
Осы ретте, жаяу жүргіншілер және екінші деңгейлі көшелерге кезектерін күтуге тура келеді. Адамдар коммуналшыларға құм себу шарасын күшейтуді және жаяу жолдарды уақытында тазалауға кеңес береді.
-Кеше түнгі уақытта қала көшелерінен қарды тазалау жұмыстарына 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Бұл 35 арнайы сыпыру жинау және 17 құм шашқыш көліктері. Бүгін таңертеңнен бастап қала көшелерін қардан тазалау және шығару жұмыстарында 110-нан астам арнайы техника жұмыс жасауда. Бұл 25 қар тиегіш және қарды шығаруға арналған 60 жүк машинасы, сондай-ақ, өтпе жолдарды тазалауға арналған сыпыру жинау көліктері, - дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Жансерік Қапзолла.
Қала әкімдігінде жолдардың жиектері және жаяу жүргіншілер өткелдерін тазалауға 200-ден астам адам жұмылдырылғанын мәлімдеді. Қыс маусымы басталғалы полигонға 150 мың тонна қар шығарылды.