Жаңа жолдың сапасын кім тексереді?

Парковая көшесінде құбыр тарту жұмыстары күзде орындалды. Ал 2021-ші жылдың көктемінде асфальт жабыны қалпына келтірілді. Темір тұлпар иелеріне атқарылған жұмыстардың сапасы көңілден шықпады. Жолдың бір жақ шеті тегіс емес. Бүгін әкімдікте жағдайға түсініктеме берді.

 

- Аталмыш жұмыстарды алпауыттың мердігерлік ұйымы орындады. Сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты ТҮКШ бөлімі және «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің өкілдері оқиға орнына барып, тексерді. Нәтижесінде Парковая және Қамзин көшесіндегі жол жабынындағы олқылықты жою шешімі қабылданды, - дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Бұдан бөлек, бір апта бұрын ашылған Қамзин көшесінде қайтадан коммуналдық апат орын алды. Су құбыры жарылып, жаңадан салынған асфальт опырылды. Алпауыт өкілдері мәлімдегендей, салдарынан Қамзин көшесіндегі бірнеше үй сусыз қалды. Сондай-ақ, екінші Павлодар және Восточный мөлтек ауданына қысымды төмендетуге тура келді. Апаттың жою мерзімі әзірге белгісіз.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа