• Басты бет
  • Қоғам
  • Жергілікті кәсіпкерлер қайырымдылық шараларын қолға алды

Жергілікті кәсіпкерлер қайырымдылық шараларын қолға алды

Дайындық қарқынды жүруде. Үш бірдей ірі кәсіпорын қызметкерлері таң атысымен  қоймалардағы азық-түлік жиынтықтары жүк көліктеріне тиелуде. Мұнда күріш, қарақұмық, ұн, макарон, күнбағыс майы, қант және шай сынды қажеттілердің бәрі бар. Әр қораптың салмағы 50 келіден асады.

 

- Жиынтыққа қажеттің бәрін қамтуға тырыстық. Шара «Ел тірегі-Елбасы» акциясы аясында өтуде. Біз 11 мыңнан астам азық-түлік себеттерін жеткіздік. Тек Павлодар облысында  «ERGService» және «Қазақстан электролиз зауытымен» бірлесе отырып 1006 арнайы себеттерді тараттық, - дейді «Қазақстан алюминийі» АҚ әлеуметтік қамқорлық жөніндегі менеджерінің м.а. Рүстем Смағұлов.  

 

- Соңғы екі күнде әкімдікпен үлкен жұмыс атқарылды. Акцияға қатысып отырғанымызға қатты қуаныштымыз. Қызметкерлеріміз асқан ыждаһаттылық танытты. Ең бастысы адамдардың алғысы, - деп атап өтті «ERG Service» ЖШС әлеуметтік қамқорлық жөніндегі менеджері Серік Акушев.

 

Азық-түлік жиынтықтары ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған, қиын материалдық жағдайда қалған отбасыларға, жалғыз басты зейнеткерлерге табыс етілді. Солардың бірі - Күләш Әбілдинова. Ол 30 жыл балабақшаларда тәрбиеші болып жұмыс істеген.

 

- Үлкен алғыс айтқым келеді. Осындай қайрымдылықты күтпедім. Өткен 8 наурызда қаржылай көмек берген еді. Енді бүгін арнайы себет әкелді, - деді  Күләш Әбілдинова.

 

 

Тізімдер өңірлік әкімдіктермен бірлесіп жасалды. Павлодардағы «ERG» кәсіпорындары қайырымдылық акциясын тоқтатпайды. Жыл сайын компания «Наурыз – игі істер айы» шарасын өткізеді. Ол алты жыл көлемінде жалғасын тауып келеді.