• Басты бет
  • Қоғам
  • Жетекші ауылының тұрғындары: «Жарық пен судың мәселесінен шаршадық»

Жетекші ауылының тұрғындары: «Жарық пен судың мәселесінен шаршадық»

Жетекші ауылында жаз басталса, адамдар ауыз сусыз қалады. Себебі, ауылдықтар оны шаруашылыққа пайдаланатындықтан қысымы жетпейді дейді тұрғындар. Ал су мөлшері төмен болғандықтан бір мұнараның сорғышы жанып кеткен. Соңғы рет құрғақшылық екі аптаға созылып, мәселе жауын-шашын басталған соң шешілген. Сонымен қатар ауылда бірде бір су құдығы жұмыс істемегендіктен, тұрғындар тіршілік көзін қаладан тасуға мәжбүр болған. Орталық судың сапасы да нашар дейді.

 

- Жаз болса жылда осындай мәселе, зарлап жүреміз. Су жоқ. Жұрт мал ұстайды. Біраз бақшамыз бар соны да суара алмаймыз. Қайтеміз енді. Ана жолы жуынатын да су болмай қалды. Масқара болды ғой, - дейді Жетекші ауылының тұрғыны Мария Алишева.   

 

 

Бұл ауылда мәселе тек сумен шектелмейді. Жарық та жылдың кез келген мезгілінде ескертусіз сөнеді. Мысалы, кеше күндіз өшірілген электр қуаты тек бүгін таңғы төрттер шамасында пайда болған. Мұндай мәселемен кір жуып, үйдің тіршілігімен айналысу үлкен қуанышқа айналған.

 

- Міне кеше сөнді, әйтеуір түннің ортасында берді. Холодильник бәрі еріп, суы ағып кетеді. Кішкене жел болса жарық болмайды, дауыл болса жарық болмайды, күн күркіресе жарық болмайды. Неге олай? Кішкене жел болса өшіп қалады, - деп ренжіді Жетекші ауылының тұрғыны Сәуле Қамарова.

 

Айта кететіні жиі іркілістерден кейбіреуінің техникасы да жанып кеткен. Ал әкімдіктегілер мұны қалпына келтіру үшін мердігерге өтініш жазуға кеңес берді. Сонымен қатар мәселе бақылауда екенін алға тартып, судың сапасы шынымен де төмен екенін растады.

 

- Ауылда түгелдей жаңа  су құбыры тартылуда, осы биыл қыркүйек айында сол бітеді. Сосын осы ауылға да жалғап түгел шешіледі деген үміттеміз. Жарық мәселесі бойынша Павлодар электр желісін тарату мекемесі инвестпроектімен кабельдерді тартып, ауыстыру жұмыстарын жүргізуде. Биыл ол да аяқталып толығымен шешіледі деген үміттеміз, - деді Жетекші ауылының әкімі Есімхан Құрмантаев.

 

Ауыл әкімі жаңа модульді су станциясының құрылысына 730 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеді. Жұмыстар 2019 жылдың ақпанында басталып биыл аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар жаңа құрылғыда су тазартатын сүзгі де орнатылады дейді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді.

 

Авторы: Арнагүл Исабекова