Жыл басынан бері Павлодар облысында он адам суға кеткен

ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп жиі рейдтер өткізеді. Басты мақсат - адамдарды рұқсат етілмеген орындарда және мас күйінде шомылудан бас тартуға шақыру. Сонымен қатар табиғат аясында балаларға да абай болған жөн. Кейбір адамдар өз күшіне сеніп тереңге бойлайды екен. 

 

- Тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін алғашқы ретте ескерту жасалады. Егер заң бұзушылық қайта орын алса 6 мың тг жуық айыппұл салынады. Ал қоғамдық орында мас күйінде жүргені немесе ішімдік ішкені  үшін 27 адамға 393,8 мың теңге айыппұл салынды. Судағы ең көп қайғылы жағдай Ақсу қаласында орын алды. Онда бес адам суға кетті, - дейді Павлодар облысы ТЖД басшысының орынбасары Мейрамбек Батырқұлов.

 

 

Ал өрт қауіпсіздігі жағдайына келсек, Павлодар облысы аймағында қатты  құрғақшылық болады деп күтілмеуде. Ең ыстық кезеңдер өтіп кеткен. Шілде айында орташа жазғы температура сақталмақ. Дегенмен де ауыл шаруашылығы жұмыстары кезінде шаруа қожалықтарына отты сақтықпен пайдалану ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

 

Авторы: Бибінұр Хамитқызы