Жылу мен кәріз жүйесі қашан болады?

Жеке сектордағы үйлер әлі күнге не жылу жүйесіне, не кәріз жүйесіне қосылмаған.
Павлодар әуежайының жанындағы шағын аумақ тұрғындары 10 жыл бойы жылусыз, пеш жағуға мәжбүр. Бос жатқан 500 учаскенің бүгінде 100-ден астамы игерілгенімен, жергілікті атқарушы билік уәде еткен желі жүйесі әлі күнге дейін жоқ. 3 жыл бұрын осында көшіп келген Жұмабек Айдарханов 6 баласымен бірге, дабыл қағып, шенеуніктер табалдырықтарын тоздыруда.
- 15-20 жыл өтті. Бес-алты облыс әкімі орнынан босатылып кетті.  Cотталғаны, сотталып. Қала әкімінің нешеуі кетті. Бәрі орынша қалып отырады. Ойлағанбыз, қаланың шетінде жақсы бір үй саламыз деп. Содан бері шашылып жатырмыз, езіліп, - дейді шағын ауданы тұрғыны Өмірбай Мүслімов.
Кезінде жылу магистралі, станциядан арнайы құбыр да тартылған екен. Неге екені белгісіз - қосылмаған. Қалалық әкімдікте инженерлік желілерді тарту бойынша жоба әлі дайындалып жатқандығын жеткізді.
- Қазір жоба дайындалуда. Аяқталуға жақын. Мемлекеттік сараптама оң нәтиже көрсеткен соң бюджеттік өтініш жасалады. Биыл қаржы бөлінсе құрылысты бастаймыз, келесі жылы бекітсе, сол кезде кірісеміз, - дейді  Павлодар қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Абылай Мүшкенов.
Уақыт пен ауқымды тексерісті қажет ететін бұл ұзақ жұмыс, ондаған жылдар әзірленген әйгілі голливудтық «Аватар» жобасымен пара-пар сияқты. ИЖС шағын ауданы тұрғындары «желілерді тарту» атты премьераны тағатсыздана күтуде.

Авторы: Дархан Бекишев