«3 бөлмелі пәтерде 4 жылытқыш қосып, жан сақтап отырмыз»

Ткачев көшесіндегі бірнеше көпқабатты үй тұрғындары жылу қашан беріледі деген сұрақтың жауабын табу үшін жиналыс ұйымдастырды. Көктемнен қайнақсыз отырып үйренген адамдар енді жылусыз шыдай алмаймыз дейді. Даладағы ауа температурасы түнде минустан көтерілмейді. Сәйкесінше, кішкентай балалары мен қарт ата-әжелері бар кейбір пәтер иелері оларды жылуы бар туыстарына жіберген.

- Міне бүгін 4-ші қазан бізде жылу жоқ. Үш үй мына Ткачев, 3, 5, 5/1. Әкімдікке, жылу желілеріне, 109-ға хабарластық. Айтқан сөздері ертең-ертең күнде ертең деген бітпеген ертең деген сөз, - дейді Ткачев көшесіндегі №3-үйдің тұрғыны Кулмаш Ахметова.

- Мамыр айынан су ыстық жоқ. Жарайды су жоқ үйрендік. Енді жылу жоқ. Жылу жоқ кісілер тоңып отыр. Менде үйде 3 бөлмелі пәтерде 4 жылу беретін құрал қосамыз. Кісілер шаршады. Ақшаны төлейміз не үшін төлейміз? Әкімшілікке барсақ, олар ештеңе білмейді, - деді Бекхожин көшесіндегі №15-үйдің тұрғыны Ботагөз Утегенова.

Қызмет көрсетуші ұйымның айтуынша, аталмыш көпқабаттылар жылыту маусымына 100 пайыз дайын болған. Жаз мезгілінде желілері жуылып, қажетті құрал-жабдықтар ауыстырылып, актілері алынған. Бұған қарамастан, үйге жылу әлі күнге дейін берілмеді.

- Усолка мөлтек ауданына 30-шы қыркүйекте жылу беру барысында орталық жылу желісінде ақау орын алды. Ткачев 3, 5, 5/1 және 9-шы үйлер оған тиесілі. Ақау салдары жойылғаннан кейін орамішілік жылу желісінде тағы бір апат анықталды. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, - деді энергетикалық компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Екатерина Байжуманова.

Алпауыт мамандары көпқабаттылардың батареялары ақау жойылғаннан кейін жылынатынын жеткізді. Жөндеу жұмыстарына шамамен 3 күн кетеді. Айта кетсек, бүгін Павлодарда 1249 көпқабаттының 1192-не жылу берілді. Екі мектепте, 7 емдеу және 16 білім беру мекемесінде салқын.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.