«Білім беру ордасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және шешу жолдары»
Бұл Павлодар педагогикалық университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен өткізген алғашқы жиыны емес. Онлайн басқосуда ЖОО-ның жемқорлықтан мүлдем бас тарту бағытындағы жұмыстары айтылды.
- Біз сыбайлас жемқорлықтар мүлдем бас тарту жөнінде келесі шараларды іске асырудамыз. Университеттің ішкі нормативтік актілерін сыбайлас жемқорлық тұрғысынан талдау жүргізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесінің стандартын енгізу жоспарлануда. Университет қызметінің барлық салаларында ашықтық пен айқындық қамтамасыз етіледі, - деді «Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев.
Сондай-ақ, мұндай жүйелі жұмыс сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және Қазақстандық білім берудің беделін арттыруға ықпал ететіні де тілге тиек етілді. Онлайн семинардың белді сарапшысы Қайыржан Ахметбекұлы ішкі талдау жүргізудің және анықталған кемшіліктерді жоюдың ЖОО-на тигізер пайдасы зор екенін атап өтті. Бұл ретте, Павлодар педагогикалық университетінде осы бағытта арнайы клуб ашылған.
- 2019 жылы университет қабырғасында «Саналы ұрпақ» клубы құрылды. ЖОО белсенді студенттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттарды, оқу үдерісінің ұйымдастырылуын, құқықбұзушылықтарды және сессиялардың таза өтуі сынды жұмыстарды жасайды. Сонымен қатар, мәдени шаралар да өткізіледі, - деді «Павлодар педагогикалық университетінің» тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректорының м.а. Ольга Андрющенко.
Бүгінде Павлодар педагогикалық университетінің білім беру саласында жастарды адалдық, парасаттылыққа тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Оған электронды жүйенің де әсері аз емес. Айта кетейін, алдағы уақытта ЖОО басшылығы ISO стандартын енгізуді жоспарлап отыр.

