«Бізге ешқандай мектеп те, балабақша да керек емес». Павлодардағы саяжай тұрғындары құрылыс жұмыстарына қарсы
Оны қаланың бас жоспарына енгізген.
Тұрғындар мұндай өзгеріске қарсы. Себебі мектеп пен балабақша салу үшін жолдарды кеңейтуге тура келеді. Бұл жағдайда құрылыс жоспары бойынша мұндағы біраз үйді ысырып тастаудан басқа амал жоқ.
- Екі қабатты үй салдық, өз ұңғымамыз бар. Тоқ тартылған. Жеріміз де үлкен. Монша, гараж салынған. Қарағайлар өсіп тұр. Осының бәрін қалай ысырып тастайды, - деді Наталья Попловец.
Қалалық әкімдік сайтында орналасқан жоспар бойынша бағбаншылық ортасында мектеп, балабақша, дүкен пайда болуы тиіс. Ол үшін кейбір жер телімдерін алу керек. Себебі көшелерді кеңейтуі қажет. Саяжайшылармен кездескен сәулет бөлімі басшысының орынбасары жоба бекітілген деді.
- Заңға сәйкес қала құрылысы жобаларының жүзеге асырылу мерзімі 12 жыл. Қаржы болған кезде іске кірісеміз. Алайда мектеп пен балабақша салынатын жерде тұрған телімдерде жеке тұрғын үй құрылысы болмайды, - деді Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Жангелді Шалгумбаев.
Бағбаншылардың көбісі мұнда жеке тұрғын үйлер салынғанына қарсы емес. Алайда жоспарлау кезінде әр үйге жеке мән берулерін сұрайды. Өз үйлерінің жартысынан айрылғысы келмейді. Ал жеке жайлары толық бұзылуға жататын адамдар бұл құрылысты мүлдем басқа жаққа ауыстырсын дейді.
Автор: Бибінұр Хамитқызы