«Ескі үйлерде де балалар тұрады»

Гагарин көшесіндегі бұл шағын аулаға осы маңдағы 4 үйдің балдырғандары келіп ойнайды. Көбі көрші аулаларға барғанымен ондағылар қонақжайлық таныта қоймайды екен. Оған қоса айналадағы жайдайда тұру мүмкін болмай барады дейді. Тұрғындар ауланың абаттандырылғанын қалайды.

 

- Көргендеріңіздей жалғыз сырғанақ бар. Қалғаны көлік дөңгелектері. Аулаға жиналған балалар қайда барарын білмейді. Көрші аулаларға барағанымен ондағы тұрғындар өз жақтарыңа қайтыңдар деп жібереді. Немерелеріміз өсіп келеді, ал олардың емін-еркін ойнауына ешқандай жағдай жоқ, - деді Гагарин көшесіндегі №14-үйдің тұрғыны Татьяна Бухаткина. 

 

Татьяна Бухаткина тіпті шаһар басшылығымен тілдескен. Сөздерінше, бұрынғы қала әкімі бұл жерге балалар алаңының керек емес екенін, себебі үйлердің алынып тасталатынын айтыпты. Кейін бұл үдерістің басқа шешімі шыққан.

 

- Біз жаңа әкіммен ақпанның 3-і осы мәселе бойынша сөйлескен едік. Олар үйдің бұзылмайтынын айтты. Ол үшін демеуші немесе инвестор келіп жаңа үй салуы қажет деді. Оған дейін қаншама уақыт бар. Барша тұрғындардың атынан сұрарым тек балалар алаңы салынса деймін, - деді Татьяна Бухаткина.  

 

 

- Павлодар қаласында ағымдағы жылы 100 ауланы кешенді абаттандыру жоспарда бар. Жобалық-сметалық құжаттама мақұлданып қойған. Яғни, аулаларға асфальт төсеу, тұрақтарды ұйымдастыру, балалар және спорттық алаңдар салынады, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Әкімдік мамандары Гагарин көшесіндегі №14-үйдің тұрғындары жөнелткен хаттың қаралымда екенін айтты. Мақұлданған жағдайда алдағы 2022-2023 жылдары ол аумақ тиісінше абаттандырылады. Биыл тізімге тағы ілінбепті.