• Басты бет
  • Қоғам
  • «Коммуналшылар кескен ағаш қалдықтарын 2 ай бойы жинамай жатыр»: Павлодарлықтар шағым білдірді

«Коммуналшылар кескен ағаш қалдықтарын 2 ай бойы жинамай жатыр»: Павлодарлықтар шағым білдірді


Естай 25 мекенжайының тұрғындары екі ай бұрын ауладағы ағаштардың бұтақтарын кесуге өтініш қалдырған. Қыркүйек айында мердігерлік ұйым өкілдері келіп, санитарлық тазалық жұмыстарын орындаған. Алайда, олардан кейін қалған бұтақтардың қалдықтарын екі ай бойы ешкім әкетпеуде.

 

-Олар келіп санитарлық тазалық жұмыстарын орындады. Алайда, кесілген бұтақтар осындай қалыпта екі ай бойы жатыр. Ешкім оларды жинауға асықпауда. Мен барлық инстанцияларға хабарластым. Коммуналшыларға бардым. Көршілер шағымданады. Мұнда біз көктемде гүлдер отырғызамыз. Қазір үй алды қоқыс орынға айналғандай,-дейді

Естай көшесіндегі №25-үйдің тұрғыны Евдокия Белых.

 

Коммуналшылар болса, ағаш бұтақтарын кеспес бұрын экологтер мен дендрологтердің тұжырымдамасын күтеді. Сарапшылар көшеттердің жағдайын тексеріп, шешім қабылдайды. Кесу жұмыстарын бір бригада орындайды. Кейін екіншісі жинап әкетеді екен. Соңғысы бойынша мәселе бар.

 

-Естай көшесі 25 мекенжайында ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын биыл «Оазис ПВ» мердігерлік ұйымымен жүргізілді. Бірақ та, өтініштердің көптігіне байланысты кесілген ағаштардың қалдықтарын шығаруға үлгермей қалды. Қазіргі уақытта аталмыш жұмыстар бақылауға алынды. Аталмыш мердігерлік ұйымға біздің мемлекеттік органның тарапынан бірнеше рет ескерту жасалынды. Жазбаша түрінде. Және де келешекте оларға тағы да шаралар қолданылатын болады,-дейді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің бас маманы Ұлан Динтаев.

 

Аталмыш мекенжайдағы кесіліп қалдырып кеткен бұтақтарды бір апта ішінде жинап, әкетеді. Айта кетсек, биыл Павлодардағы ағаштардың санитарлық тазалығына 150 миллион теңге бөлінді.