• Басты бет
  • Қоғам
  • «Күміс жас»: зейнетке шығуға 2 жыл қалған азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылмақ

«Күміс жас»: зейнетке шығуға 2 жыл қалған азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылмақ

«Күміс жас» зейнетке шығуға 2 жыл қалғандарды уақытша жұмыспен қамтуға арналған жоба. Оның аясында бірқатар азамат әлеуметтік жұмыс орынмен қамтылады. Айта кететіні, жобаға қатысушылардың міндетті түрде мамандығы болуы шарт.

 -Зейнет жасына шығуға 2 жас қалған әйелдер мен еркек адамдарға арналған. Мысалы, қолында дипломы бар, мамандығы бар, қандай да бір себептермен қысқартуға түскен не болмаса, біраз жыл жұмыс таба алмай жүрген адамдар болса, осындай адамдарға керемет мүмкіндік,-дейді Павлодар қаласы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Аманбек Ұнат.

 Бұл жоба жұмыс берушіге де тиімді. Себебі төленетін жалақының тең жартысын мемлекет өтейді. Айта кететіні, бұл жобаның мерзімі 12 ай. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жас алдындағы адамды тұрақты қызметке орналастырады.

 -Мысал ретінде, жұмыс беруші зейнетақы жасына жақындаған адамды жұмысқа алды, ол кісінің жалақысын 160 мың теңге деп қойды. Сол 160 мың теңгенің 80 мың теңгесін мемлекет төлейді. Қалған 50 пайызын жұмыс беруші өз қалтасынан төлейді. Ал егер мамандығына сай жалақыны 200 мың деп қоятын болса, біз 90 мыңнан артық төлей алмаймыз. Қалған 110 мың теңгесін жұмыс беруші өз қалтасынан төлейді,-деп түсіндірді Аманбек Ұнат.

 Биыл жоба аясында қала бойынша 45 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтымақ. Қазіргі таңда, оған қатысуға 20 жұмыс беруші ниет білдірген. Алдағы уақытта санын тағы арттырмақ. Толық ақпарат алу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болады.