«Күні-түні біз әйнекке қарап, қамаулы торғай сияқтымыз»

Қазіргі тұрмыстық жағдайымыз 21-ші ғасырға сай емес. Назарбаев даңғылындағы №89/2-үйдің тұрғындары осындай ойда. Жаз бойы қайнақ сусыз отырған адамдардың пәтерлері мұздай. Мүлдем тоңып қалмас үшін  электр жылытқыштар мен ауа баптағыштарды қолдануға мәжбүр. Салдарынан көпқабаттыда жарық мәселесі пайда болады. 

 

- Бізде 5 айдан асты ыстық су мүлдем жоқ. Сәуірден бастап. Ыстық барлық қалаға беріп жатыр дейді бізде жылу жоқ. 4 күн мына жердегі шұңқырды қазып жатыр. Ол қазғаннан кейін сосын берді 8-ақ минут үйде жылы болды. Одан кейін қайтадан мұп-мұздай, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы №89/2-үйдің тұрғыны Гүлнара Ибраева.

 

- Коронавирус ойбай тазалық, қолдарыңды жууыңдар, ананы істеңдер, мынаны істендер тазалық қайдан болады бізде? Енді міне жылу жоқ. Күні түні біз әйнекке қарап, қамаулы торғай сияқтымыз. Ешқайда бара алмаймыз далаға шықсақ дала суық, үйге кірсек үй қорадай мұздай, - деп шағымданды Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы №93-үйдің тұрғыны Бәтима Абдинова. 

 

 

Жергілікті ПИК басшысының айтуынша, көпқабатты жылу қабылдауға 100 пайыз дайын. Актілер уақытында алынған. Жаз бойы қызмет көрсетуші ұйым өкілдері жүйені жуып шаю және үйге тиесілі ескі құбырларды алмастырған. Бұған қарамастан жылу жоқ.

 

- Аталмыш көпқабаттыны жылыту маусымына дайындау жұмыстары толықтай орындалды. Дайындық актілері қолымызда. Қайнақ су мен жылуды қабылай аламыз. Мәселе апаттық жағдайға байланысты. Біз алпауытқа бір ай бұрын өтініш жібердік. Бірнеше күн бұрын ғана келіп, қазба жұмыстарын бастады, - дейді қызмет көрсетуші ұйымның төрайымы Галина Мотухова.

 

Кеше көпқабаттының жүйесіне қайнақ суды толтыра бастаған. Алайда, сорғы құрылғысында ақау анықталып, батареялар бірнеше минуттан кейін қайтадан суыды. Алпауыттың ресми сайтында аталмыш үйге жылу 30-шы қыркүйекте берілді деп жазылған. Бұған қарамастан, тұрғындар өз пәтерлерінде тоңуда.