«Мектепке жол» акциясы жыл бойы жалғасады
Жаңа оқу жылына дайындық барысында ата-аналар балаларының мектеп формасын жаңартып, кеңсе тауарларын сатып алып жатады. Алайда ол шығынды бәрінің бірдей қалтасы көтермейді. Бұл ретте «Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Жоба аясында меценаттар тартылып, аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға көмек көрсетіледі.
- Бұл көпбалалылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, толық емес отбасыдан шыққан балалар. Барлығы білім беру ұйымының алқалы органымен қарастырылады, - дейді Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова.
Қазіргі таңда өңірімізде көмекке мұқтаж 14 мыңға жуық бала есептелген. Оның 6 мыңнан астамына «Жаппай оқу» қоры қаражатынан қолдау көрсетіліп, киім-кешек пен кеңсе тауарлары алынған. Ал қол ұшын созғысы келетін демеушілер үшін тізім білім бөлімдерінде және «Менің Атамекенім» республикалық платформасында қолжетімді.
- «Менің Атамекенім» платформасында «Мектепке жол» акциясына сілтеме бар. Онда ата-аналар баласына көмек алу үшін өтініш қалдырып, кез-келген меценат, демеуші аталған платформада қаржылай көмек көрсете алады, - дедіГүлмира Баширова.
Білім бөлімінде «Мектепке жол» акциясы жыл бойы өтетінін мәлімдеді. Сондықтан балаларды қуантамын деушілердің кез-келген уақытта көмек көрсететін мүмкіндігі бар.
Авторы: Арнагүл Исабекова