• Басты бет
  • Қоғам
  • «Мен зейнеткермін!»: Павлодарда жеңілдікті құжаттары бола тұра әйелді автобустан түсіп қалуды сұраған

«Мен зейнеткермін!»: Павлодарда жеңілдікті құжаттары бола тұра әйелді автобустан түсіп қалуды сұраған

Айкен Ғабдуллина көп балалы ана ретінде зейнетке 53 жасында шықты. Осыған орай, жинақтаушы қор арнайы құжат берген. Әйел жұмысқа күнделікті бірнеше қоғамдық көлікті ауыстырып, барып отырады. Бірақ, бүгін зейнеткер ретінде көрсетілген құжат автобус кондукторының көңілінен шықпаған тәрізді. Сәйкесінше Айкеннен толық төлем талап етілді. Ол бас тартып, көп балалы ананы автобустан шығарып жіберген.

- Маған сіздің құжатыңыз арқылы ешқандай жеңілдік жолақысы жоқ деді. Қолымда зейнеттік құжатым болған. Кондуктор маған жолақыны толық көлемде төлеңіз немесе автобустан шық деді. Сосын шығуға тура келді. Көп балалы ана болғандықтан зейнетке 53 жасымда жіберді. Сонда маған бұл құжатты не үшін берді? Басқа автобустарда бұл құжат бойынша ешқандай мәселе болмаған. 40 теңге төлеп жүрген едім, - дейді Айкен Ғабдуллина.

Бүгінде автобус паркінде жағдайға түсініктеме берді. Мамандардың айтуынша, әйел жеңілдетілген санаттарға қатысты ешбір құжат ұсынбаған.

- Әйел жолақысын төлеу кезінде зейнеткерлік куәлігін көрсетті. Бірақ онда ол 1968-ші жылы туылған деп жазылған. 53 жаста болғандықтан ол жеңілдетілген санаттың біреуіне де жатпайды. Ал егер көпбалалы ана болған жағдайда Кривенко 25 және халыққа қызмет көрсету орталығынан арнайы құжаттары болуы керек. Олардың біреуі де болмағандықтан кондуктар оған берген 40 теңгесін қайтарып, автобустан шығуын немесе толық көлемде жолақысын төлеуді талап етті, - дейді Павлодар қаласы №1 автобус паркі басшысының орынбасары Николай Погребнюк.

Айта кетсек, бүгінде қалалық мәслихат сессиясының шешімі бойынша Павлодарда жеңілдетілген 16 санат бар. Қоғамдық көлік паркінде мұндай келеңсіз жағдай қайталанбас үшін Айкенге құжаттарын толықтай рәсімдеуге кеңес берді.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.