«Отбасымыздың жеке өміріне араласпаңыздаршы»

Любовь Бутнарь 61 жаста. Жақында үш немересін тәрбиелеу үшін Розовкаға көшіп келген. Айтуынша тамыздың 7-і күні ауылдағы қызының үйінде қонақта болып, ал кешкі тоғызда Павлодарға кетіп қалған. Ешқандай ұрыс-керістің нышаны байқалмапты. Кейін анасы Ольганың ауыр күйікпен ауруханаға түскенін білген.   

- Оның денесінде көгерген іздер болмады. Жанжал да болмаған. Мүмкін олар өз араларында ұрысқан шығар. Ондай әр отбасында бар ғой. Көршілер де ештеме естімеген.  Көршілері мақтайды. Күйеу балам да жақсы, - дейді Ольга Берманның анасы Любовь Бутнарь.

Любовь Бутнарь қызынан айрылғанына қапалы, ал әлеуметтік желідегі комментарийлерді оқып күйеу баласын жақтауды шешкен. Ол онсыз да жазасын алады дейді. Балаларына анасына не болғанын әкесі өзі түсіндіріп береді деген ойда. Әйел жұртшылықтан отбасының жеке өміріне қол сұқпауды сұрайды.  

- Ертең не күтіп тұрғанын білмейсің ғой. Біздің отбасыда осындай оқиға орын алды. Адамдар түрлі комментарий жазып жатады. Бұл менің немерелеріме кері әсерін тигізуде. Олар 1 қыркүйекте сабаққа барады. Балалар әртүрлі болады. Сондықтан бұл оқиғаны қабылдауы да әртүрлі, - деді Любовь Бутнарь.

 Әйел адамдардың біреудің отбасысына араласуы шектен шыққандық деп санайды. Тіпті Любовь Бутнарь мен оның күйеуі 70 жастан асып кеткен және түрлі ауруға шалдыққан деген сыбыс таратқан. Немерелерін бағуға шамалары келмейді-мыс депті. Осындай шағыммен облыстық әкімдікте болыпты. Марқұм Ольга Берманның анасы шенеуніктер мен дәрігерлерге қолдау білдіргені үшін рахмет айтады.