«Сарқынды суға толы жертөледен шаршадық»

Жертөледен шығатын жағымсыз иіс 5-ші қабатқа дейін барады. Есіктері үнемі ашық тұрады. Кіреберістегі сыздың салдарынан қабырғадағы бояулар түсіп қалған. Адамдар ПИК-ті кінәлауда. Айтуларынша, қаражат жинайды бірақ кәріз құбырын ауыстыру жұмыстары жүргізілмеген.

 

- Соңғы рет алпауыт мамандары келіп, мәселе үйден шығатын кәріз құбырында екенін айтты. Тозу көрсеткіші тым жоғары. Оны тез арада ауыстыру керек деді. Бұған қаражат жинадық, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы №157-үйдің тұрғыны Азамат Тұрлыбеков.

 

Қызмет көрсетуші ұйымының басшысы оқиға орнына келіп, мәселеге түсініктеме берді. Айтуынша, алпауыт қызметкерлерін үнемі шақырады. Үйде желілердің тозуы байқалмайды. Мәселе қалалық кәріз жүйесіне тиесілі деген ойын айтты.

 

- Қалалық кәріз құдықтары суға толып қалды. Сол себепті үйлерден шығатын қалдықтармен араласып, барлығы жертөлеге кетті. Қалалық желілер толғанда ғана мұндай мәселе орын алады, - дейді қызмет көрсетуші ұйымның басшысы Любовь Манторова.

 

Кәріз жүйесі унитазға түрлі қалдықтарды лақтырғаннан бітеліп қалады. Ескі желілер бұған шыдамайды. Тұрғындар ПИК-ке жинаған қаражаттың бөлігіне ысырмалар ауыстырылған деп мәлімдеді ұйым басшысы.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.