• Басты бет
  • Қоғам
  • «Тар жол»: Екінші Павлодар тұрғындары жаңа асфальтқа шағымдануда

«Тар жол»: Екінші Павлодар тұрғындары жаңа асфальтқа шағымдануда

 

 

Салынып жатқан жолдың өлшемдері нормаға сай емес. Мұндай шағыммен екінші Павлодар ауданының тұрғындары жүгінді. Адамдардың айтуынша, басқа көшелерде асфальт ені 5-6 метрден кем болмаса, оларға қазір 4 метр салуда.

 

Павлодарда биыл жеке секторлар орналасқан көшелерге асфальт салу жұмыстары қолға алынды. Жөндеулер Лесозауыт, Радиозауыт, Горторг және екінші Павлодар ауданында жүргізілуде. Соңғылары салынып жатқан жолдың ені қысқа болуына шағым түсірді. Тар көшеден өту қиын.

 

-Төрт метрге 1-2 машина сыймайды. Бұл қалай сонда? 4 метрге біз бір машина, екінші машинаны тосып отырамыз ба? Қазір 21-ші ғасыр ғой! Жалпақ көше салуға болады ғой! Болмағанда, бір 5 метр жалпақтық жасаса, бізге жетіп жатыр ғой, -деп жеткізді Вс. Иванов көшесіндегі №17-үйдің тұрғыны Серік Маханов.

 

Қала әкімдігінде жағдайға түсініктеме берді. Асфальт салмас бұрын жолды түзетіп, дайындайды. Кейбір телімдерде 15-тен 50 см дейін қазады. Кейін қиыршықтас төселіп, оны тегістейді. Ені мен биіктігіне тағы бір фактор әсер етеді.

 

-Асфальт-бетонның ені туралы айтатын болсақ, аталмыш өлшемдер көшедегі инженерлік-коммуникациялық желілердің орналасуына байланысты. Егер де қандай да бір желі өткен жағдайда ол жерге асфальт салынбайды. Болашақта ондағы желіде апат орын алған жағдайда кедіргі келтіреді. Сол себепті жеке сектордағы жаңа жолдардың ені 4-тен 6- метрді құрайды,-деп мәлім етті Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Павлодарда жеке сектор орналасқан жалпы 369 көше бар. Олардың 154-інде мүлдем асфальт болмаған. Биыл коммуналшылар жер үйлері бар 53 көшеге жаңа жол салуды жоспарлайды.