• Басты бет
  • Қоғам
  • «Тегін дәрі-дәрмек уақытында берілмейді!»: Павлодарлықтар емханаларға шағымданды

«Тегін дәрі-дәрмек уақытында берілмейді!»: Павлодарлықтар емханаларға шағымданды

Мәселен, созылмалы дертке шалдыққан адамдар емханаларда препараттардың уақытында берілмеуі кесірінен сағаттап кезекте тұратындарын айтады. Ал басқалары өздері сатып алуға мәжбүр екен.

 

Шаһар тұрғындары емханаларда дәрі жоқ деп шағымдарын айтуда. Кей емделушілерге кепілдендірілген медициналық көмек аясында олар тегін берілуі керек. Көбінесе демікпе мен қант диабетіне қарсы препараттарды күтуге немесе сатып алуға тура келеді екен.

 

-Маған тиесілі 4 дәрі-дәрмектің тек біреуіне ғана қол жеткіземін. Келесі жолы қашан келіп әкетуге болады десек, сосын хабарласыңыздар дейді. Қай нөмірге, кімге? Белгісіз. Жыл соңынды тіпті дәрі жоқ еді, қазір ғана әкеліп жатыр, -дейді қала тұрғыны.

 

-Дәрі ала алмай жүргеніме 4 ай болды, дәрігер рецептін алып келсем, емханада дәрмек жоқ дейді. Есепте тұрғыныме 30 болды. Астмадан дәрі бұрын еш қиындықсыз берілуші еді, қазір мүлдем беретін емес. Қашан келсең, жоқ дейді,-деп шағым білдірді өзге павлодарлықтар.

 

«Ирбис» телекомпаниясының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тегін дәріге қатысты сауалнама жүргізілген болатын, сәйкесінше ондаған оқырман мәселенің бар екенін алға тартты. Дегенмен, шенеуніктер ресми шағым келіп түспегенін, мәселенің жоқ екендігін мәлімдеді.

 

- Ақпараттық жүйенің деректеріне сәйкесбүгінде 153 миллион 300 мың теңге сомасындадәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Ағымдағы күні медициналық ұйымдардың дәріханаларында дәрілік заттардың қалдығы 1 миллиард 191 миллион 600 мың теңгені құрайды,-деп мәлім етті Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.

 

Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, Павлодар облысының емханалары 505 медициналық препаратқа өтінім берген, олардың 450-і сатып алынды. Қалғанымен жұмыс жасалуда. Мамандар сұрақтар немесе мәселелер туындаса, 32-01-99 немесе 32-01-90 нөмірлеріне қоңырау шалуға болатынын жеткізді.