• Басты бет
  • Қоғам
  • «Қабырғадағы тесіктерді жастықпен бітеп жан сақтап отырмыз»

«Қабырғадағы тесіктерді жастықпен бітеп жан сақтап отырмыз»

- Үйіміз құлауға жақын тұр. Жөндеуге келмейді. Барлық тұстан бұзылып жатыр. Шатыры толықтай шіріп кеткен. Жуырда сарапшы келіп, үйді тексерді. Үстіне шыққан сәтте шатырды тесіп өтіп, пәтердің ішінен бірақ шықты, - деді Железнодорожная көшесіндегі №3-үйдің тұрғыны Людмила Мельниченко. 

 

Затон ауданындағы ескі үйлердің жағдайы да қиын. Олар 65 жыл бұрын қолданысқа берілген. Пәтерлерде қарапайым жуыну мен әжетханаға бару мүмкін емес. Адамдар үйлерінде пеш жағып, суды құдықтан алып, дәретханаға далаға шығады.  

 

- Екі баласы бар жас келіншек көршім бар. Күніне 2-3 рет пеш жағады. Себебі баспанамыздың іші салқын. Үйде су жоқ. Әжетханамыз далада орналасқан. Жағдайымыз өте қиын деп айта аламын, - деді Гагарин көшесіндегі №14-үйдің тұрғыны Татьяна Бухаткина.  

 

Адамдардың айтуынша, ескі үйлерді бұрыннан бұзып, орнына басқа баспана беруін күтіп шаршады. Ақпан айында өткен жиындардың бірінде шенеуніктер көшу үдерісі биыл болмайтыны туралы айтты.   

 

- Павлодар қаласында 44 ескі ағаш үй бар. Бұл үйлер Алюминстрой, Затон шағын аудандарында, Теплов көшесінің бойында, Бекмаханов-Павлов көшелерінің қиылысында және теміржол вокзалы ауданында орналасқан. Затон шағын ауданы мен Железнодорожная көшесі, 3 мекенжайындағы ескі үйлерді бұзып, осы учаскелерде тұрғын-үй салу және тұрғындарды басқа тұрғын үйлерге қоныстандыру жобасы жеке инвесторларға ұсынылды. Қазіргі уақытта, бұл жобаны әлеуетті инвесторлар қарастыруда, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Жансерік Қапзолла.

 

Ескі үйлерді «Достық» және «Сарыарқа» шағын аудандардың құрылысы аяқталғаннан кейін бұзады. Биыл тек Алюминстройдағы 8 екі қабатты баспана жойылады.