«Қала көшелерінде жүру мүмкін емес!»

Әлеуметтік желілерде Усолка шағын ауданында шұңқырға түсіп кеткен қоғамдық көліктің бейнесі пайда болды. Ішінде жолаушылар болмапты. Шығару үшін арнайы техника шақыруға тура келген. Қала тұрғындарының айтуынша, жыл сайын көктемде опырылған асфальт мәселесі өзекті.

 

- Жолдардағы шұңқырларды уақытында жауып отырса, осылай болмас еді. Көліктің доңғалақтары мен қозғалыс бөлшектерінен түк қалмайтын болды, - деп налыды жүргізушілердің бірі.

 

Өткен жылдың қазан айынан алпауыт қызметкерлері қала жолдарының 118 учаскесінде асфальт қопарған. Әкімдікте атап өткендей, ауа-райының салқын болуына байланысты жол жабыны әлі күнге дейін қалпына келтірілмеді.

 

- Оның ішінде Павлодар жылу желілеріне тиесілі 37, Павлодар-Водоканалға 51, «ПРЕК» АҚ 21 телім мен тағы басқа 9 учаске бар. Жоғарыда аталған барлық телімдер қысқы кезеңде күтіп ұстауға алынды, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Жансерік Қапзолла.

 

Қазіргі уақытта коммуналшылар аталмыш жер телімдерін сығылмайтын материалдармен жабуды талап етуде. Апат салдарынан пайда болған шұңқырларды жабу жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында қолға алынбақ.