Індеттен қорғанып жүрсіз бе?

-Павлодар өңіріндегі аймақтардың барлығына бардық. Оның ішінде 114 еріктіні оқытып, олар әрі қарай сол аймақтарда жұмыс істеп жатыр. Түрлі сала бойынша кәсіпорындар мен мекеме, ұйымдарға барып, ақпараттық түсіндіру жұмыстары мен шеберлік сағаттарын өткіздік, - дейді Павлодар «Қызыл ай» қоғамы филиалының директоры Гүлнар Исаканова.

 

Бетперде мен резеңке қолғапты кию, оларды жиі ауыстыру және жою ережесін білу, арақашықтықты сақтау, қолды жиі жуу, үнемі антисептикті пайдалану. Бұл қарапайым кеңестердің барлығы еріктілер тарататын буклеттерде жазылған.

 

-Біз еріктілерімен жиі жұмыс жасаймыз. Олар емханаға келіп өзіміздің медициналық қызметкерлерге және емделушілерге індеттің алдын алу жөніндегі шараларды түсіндіріп, буклеттер таратады. Сонымен қатар біздің екі корпустағы ЛЭД экрандарда, әлеуметтік желілерімізде коронавирустың қауіптілігі мен одан сақтану жайлы бейнероликтер жиі көрсетіледі, -деп атап өтті Павлодар қаласы №4 емханасының бас дәрігері Арман Отарбеков.

 

Айта кету керек, қазір төртінші емханаға 73  мыңдай адам тіркелген. Мұнда 220 адамнан КВИ індеті анықталған. Оның басым бөлігі жазылса, 65-і әлі ем алуда. Емдеу мекемесінде 14 мобильдік бригада бар. Олар індет жұқтырған адамдармен қарым қатынаста болғандарды, сонымен бірге суық тию белгілері бар науқастарды бақылауда ұстайды. Айта кету керек, кеше аймағымызда тағы 65 адамнан КВИ анықталды.