Қала сыртындағы жолдарды уақытында тазалауға тырысады

Қысқы уақытта елордаға апаратын күре жолды үнемі қар басып, көліктер тұрып қалатын жағдай жиі қайталанады. Ал қала сыртындағы аудан және облыс аралық жолдардың күтіміне жауаптыларды қадағайлайтын ұлттық сапа орталығының басшысы жиі тексеріс жүргізілетінін айтады.

 

- Боран болғандықтан жол бағытындағы көру мәселесі қиындады. Бірақ бізде өзімізде арнайы нұсқаулар бар. Соған сәйкес мердігерлер жұмыс жасауы керек. Ол бес деңгейге бөлінеді. Ол облыс орталығын Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларымен қосатын жолдар және осы облыс орталығын аудан орталықтарымен қосатын жолдар, - деді Павлодар облысы жол активтерінің ұлттық сапа орталығының директоры Талғат Қайратхан.  

 

Жолдардың сапасын бақылау орталығының мамандары бұл бағыттар бойынша қысқы уақытта айына 9 рет тексеріске шығады. Осы орайда жолдың қардан уақытында тазартылуын сонымен қатар көктайғаққа қарсы шаралардың жүргізілуін қадағалайды. Айтуларынша «Қазавтодорда» өткен жылмен салыстырғанда қармен күреске арналған техника саны артқан.

 

- Биыл «Қазавтодор» ұйымында 90 техника бар. Сонымен қатар 9 техника жалға алып отыр. Одан кейін басқа келісімшарттар бойынша да жұмыс жасалуда. Қосымша 6 және 4 техника жалға алады. Өткен жылы оларда 80 техника болған. Биыл 99 деп айтуға болады, - деді Талғат Қайратхан.

 

Мамандардың айтуынша қар тұрып қалатын қауіпті аумақтар бар. Бұл орындарда арнайы қалқандар орнатады. Барлық техника да ауа райы қолайсызыдығымен күреске сақадай сай болуға тырысады дейді.