ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:«АЯЛДАМАДА 2 САҒАТТАН АСА ТҰРАМЫЗ»

Соңғы екі жылда мұнда қатынайтын қоғамдық көліктің мәселесі шешілмей келеді. Бүгінде шыдамы таусылған адамдар жиналыс ұйымдастырып, жиынға коммуналшылар мен автобус паркінің өкілдерін шақырды. Нәтижесінде екі жақ бір ортақ шешімге келді.

 

- Бізге таңертен жұмысқа, ал балаларымызға мектепке жету үлкен мәселе. Кешке қайту да мүмкін емес. 16-шы автобустың бағытқа тек біреуі ғана шығады. Қазір қыс мезгілінде аялдамада 2 сағаттан аса тұрамыз. Кешке қараңғы көшемен қайту қауіпті, - дейді қала тұрғыны Валентина Личная.

 

Сондай-ақ, жақын маңайдағы бірнеше кәсіпорынның қызметкерлері жұмысқа тек 16-шы бағытпен келе алады. Жиналыс барысында тұрғындарға жаңа кесте таратылып, екінші автобусты жіберу шешімі қабылданды.

 

- Жиналған адамдарға автобустың жаңа жүру кестесі табысталды. Қазір әзірге желіге екі автобус шығара аламыз. Бұрын интервал 1:40 немесе 2 сағат болған еді. Қазір 40 минутқа дейін қысқартылады. Алдағы уақытта олардың жүрісін бақылайтын боламыз, - деп мәлімдеді №1 автобус паркінің тасымалдау қызметінің басшысы Мергей Тарасов.

 

Жуырда жекеменшікке ауысқан парк өкілдері мәселені автобустар мен жүргізушілердің тапшылығымен байланыстырды. Алдағы уақытта, қоғамдық көліктердің санын арттыруды көздейді. Жоспарлары орындалған жағдайда 16-шы бағытқа қосымша көліктерді жіберетін болады.