Қала әкімдігі мен автопарк келісімге келді

Қарашаның 26-сы павлодарлықтар ірі класстағы қоғамдық көліксіз қалды. Естеріңізге салсақ, №1 автобус паркінің жүргізушілері мен кондукторлары желіден кетіп қалды. Қызметкерлер мекеменің әкімшілік ғимаратында жиналып, қала шенеуніктері мен басшылығын күтті. Сол кезде барлық талаптарды хат түрінде қарауға дайын екендерін айтты. Бір аптадан кейін шешім шықты.  

 

- Желтоқсанның 4-і күні Павлодар әкімі және №1 автобус паркінің жүргізушілерімен кездесу өтті. Желтоқсан айында оларға барлық санаттағы жеңілдікпен жүретін жолаушылардың өтемақысы төленеді.  Сонымен қатар, жиын барысында 2021-ші жылы әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялау мәселесі шешіледі, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.   

 

Қала әкімдігінде жүргізушілер пандемияға байланысты мәселеге тап болғанын түсінеді. Сол себепті, оларға қолдау ретінде барлық 17 санаттың өтемақысы төленеді. Алайда, автобусты жалдау құнын төмендетпейді. Мамандардың айтуынша, биыл екі рет азайтқан. Басқа жағдайда парк шығынға ұшырайды.