Қалада көше жарықтары реттеле бастады

Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020 бағдарламасы аясында осы жылы қала бюджетінен Радиозауыт, Лесозауыт және айналма жолдарға 130 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда бұл аумақтарға жарық тарту жұмыстары аяқталуға жақын.  Бүгінгі таңда кіші айналма жолда барлық бағандарды орнатып тастаған.

 

- Қазіргі таңда кіші айналма жол бойына жарық тарттық. Бұл аумаққа қатысты тұрғындар мен өндірістік секторлардан көп шағым түскен еді. Кіші айналма көшесін Малайсары батырдан бастап Ломов көшесіне дейін жарық бағандарын орнаттық, - деді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Оразалин.

 

2018 жылдан бастап Зеленстрой мөлтекауданын, Жаңаауыл, Теміржолшылар кенттерінің көшелерін толығымен жарықтандырған. Жалпы қала бойынша 18 мың жарық нүктесі бар. Оның 12 мыңын сенімгерлік басқаруға берген.

 

- Павлодар қаласының орталық көшелері бойынша шамамен 12 мың шамды мемлекеттік жеке серіктестік аясында жеке меншік компанияға табыстадық, ол 2023 жылға дейін осы жұмыспен айналысады. Сонымен қатар МЖС жобасы аясынан тыс жарық бағаналары бойынша «Сыртқы жарықтандыру желілерін пайдалану және ағымдағы жөндеу» бағдарламасы бар. Онымен де жеке компания айналысады, -деді Әлібек Оразалин.

 

Сонымен қатар бұған дейін өзекті тақырыпқа айналған жаяу жүргіншілер жолағындағы көмескі шамдар туралы да айтты. ТҮКШ бөлімінде қазір жеке компания оларды қуаттылығы жоғары шамдарға ауыстырып жатқанын хабарлады.