Қандай жағдайда мектепте сабақтар болмайды?

Мысалы, ауа райына байланысты өңірімізде кеше 4, ал бүгін 5 ауданда мектептерде сабақ  болмағандықтан оқушылар онлайн режимде оқыды. Бүгін ауа райы жағдайына байланысты Екібастұз қаласында, Аққулы, Железин, Май, Шарбақты аудандарында оқушылар мектепке бармады. Бұл ретте білім беру басқармасы қысқы кезеңде сабақтарды тоқтату бойынша ұсынылған температуралық параметрлермен бөлісті.

 

- Желдің жылдамдығы секундына 2-4 метр, ауа температурасы -35 градус болған жағдайда барлық сыныптардың оқушыларына және колледждердің 1-курс студенттеріне сабақтар тоқтатылады. Ал желдің жылдамдығы секундына 5 метр және одан да күшейгенде -33 градус нөлден төмен болғанда оқушылар мен колледждердің 1-курс студенттері оқымайды, - деді Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова.

 

Айта кететіні, аталған температуралық параметрлер тек офлайн оқитын оқушыларға қатысты. Өзгерістер қашықтықтан оқыту форматы қабылданғандықтан енгізілген.

 

- Қазіргі таңда сабақтар тек кезекші сыныптарда штатты режимде оқитындарға тоқтатылады. Ал қашықтықтан оқитындардың сабағы жалғасады. Сондықтан сабақтар тоқтатылған күні бәрі қашықтықтан оқиды, - деді Гүлмира Баширова. 

 

Жауапты басқармада қашықтықтан оқыту форматы оқушылардың кедергісіз білім алуына септігін тигізетінін айтты. Айта кететіні, мұндай оқыту үлгісі әзірге карантиндік шаралар аяқталғанға дейін сақталмақ.